Ақмола облысында жыл басталғалы 70 шақты өрт оқиғасы тіркелді

Ақмола облысында жыл басынан бері 70-ке жуық өрт дерегі тіркелді.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көп дейді мамандар. Ал қызыл жалыннан келтірілген залал 3 жарым млн теңгеден асады. Адам шығыны да жоқ емес. Өкінішке орай өрттің салдарынан 4 адам көз жұмып, 5 адам жарақат алған. Тілсіз жау көбіне тұрғын үйлерден шыққан. Құтқарушылар бұған қаңтар айының басындағы қатты аяздар сеп болғанын айтады. Себебі баспананы жылытуға тырысқан тұрғындар үйдегі пешті әдеттегіден өте көп жаққан немесе электрлі пеш қосқан. Ал өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған.

Нұрлан Атығаев, облыстық ТЖД бастығы:

- Өрттердің ең көп саны Көкшетау қаласында және Бурабай ауданында. Көкшетау қаласында 15 өрт, Бурабай ауданында 9 өрт тіркелді. Барлық өрттердің 74 пайызы тұрғын-үй секторының үлесінде. 24 пайызы автокөлікте тіркелінді.