БҚО-дағы республикалық маңызға ие трассалардың төрттен бірі көлік қозғалысына аса қауіпті

Батыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызға ие трассалардың төрттен бірі көлік қозғалысына аса қауіпті.

Себебі, автокөлік жолдарының беті тұтасқан көк мұз. Күре жолдар жағдайына бақылау жасаған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облысық филиалының мамандары осылай дейді. Күннің күрт суытуы салдарынан жол бетінде мұз қатып, кейін көктайғаққа ұласқан. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстары дер кезінде жүргізілмеуінің кесірінен жол апаттары да жиіледі. Әсіресе, ауыр жүк көліктеріне тым қиын. «Ойлы-қырлы жерлерден аман-есен өту – біз үшін нағыз сынаққа айналғаны рас», - дейді жүргізушілер

Николай Лукинец, жүргізуші:

- Жолдың жағдайы сын көтермейді. Ештеңе төсеп жатқанын көрмедім, аптасына бір рет қана тазартқандай болады. Бірақ одан еш пайда жоқ екенін көріп тұрмыз. Күн сайын жолға жанымызды шүберекке түйіп шығамыз. Өйткені жолдың беті көк мұз, сәл қателік жіберсең кеттің де бардың.