Қостанай облысында аса ірі көлемде есірткі тәркіленді

Қостанайлық полицейлер заңсыз нарықта құны екі жарым миллион теңге болатын есірткі тәркіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Улы затты Новоселов ауылының 47 жастағы тұрғыны сақтаған. Көшеде тінту кезінде одан скотчпен оралған картон қорап алынды. Оның ішінде бес литрлік пластик бөтелкесі бар екі сары полиэтилен пакеті болған. Тәркіленген зат салмағы бес келіден асатын гашиш боп шықты. Заң жүзінде күдікті 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Лев Квасенко, ПД есірткі бизнесіне қарсы басқармасының аға жедел уәкілі:

– Күдікті – Әулиекөл ауданының тұрғыны. Бірақ іс жүзінде Нұр-Сұлтан қаласының аумағында тұрған. Бұрын осыған ұқсас қылмыс бойынша сотталған. Қазір Қостанай қаласының уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Қылмыстық істің 297-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.