Алматыда ағаш қоймасында өрт шықты

Алматы қаласының өрт сөндірушілері ағаш қоймасындағы 1,5 мың шаршы метр аумақты қамтыған өртті жарты сағатта сөндірді.

21 қаңтарда 8:18 минутта Алматы қаласы ТЖ департаментінің күштері мен құралдары Жетісу ауданы Қазыбаев көшесі 2 үй мекенжайына жіберілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Өрт сөндірушілер келгенде 1500 шаршы метр аумақта жеке тұрған бір қабатты құрылыс ағаштары сақталған қойма ғимаратының ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Өрт шыққан қоймадан жоғары температура әсерінен оттың 10-15 метр қашықтықта орналасқан көрші қоймаларға таралу қаупі туындаған.

Өрт сөндіру гидранттарының қашықта орналасуына байланысты су өрт автоцистерналардың көмегімен қамтамасыз етілді. Өртті сөндіруге және қоймаларды оттан қорғау үшін 2 автобаспалдақ пен 8 әмбебап өрт оқпандары берілді. Қызыл жалынды сөндіру үшін Алматы қаласы ТЖД басшылығы мен жеке құрамнан 66 адам, 13 бірлік техника жұмылдырылды. Қабылданған шаралар арқылы өрт 30 минуттың ішінде сөндіріліп, 9:35 минутта толықтай жойылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.