Маңғыстау облысында арқар атқандар іздестіріліп жатыр

Маңғыстау облысында арқар мен қоянды заңсыз аулаған қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталып, екеуі іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Қарақия ауданында болған. «Кендірлі-Қаясан» күзет қызметі мен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері жүргізген рейд кезінде күдік туғызған автокөлік тоқтамай, қаша жөнелген. Инспекторлар Нива машинасының соңынан бір сағат қуады. Соңында көлік жүргізушісі мен жолаушы ұсталады. Қалған екі жолаушы қашып кетеді. Қазір оларды іздестіру жұмыстары жалғасты. Тексеру кезінде машинадан төрт қапқа салынған екі арқар мен екі қоянның еті тәркіленді. Оқиға болған жерге жақын маңнан аң терілері, бас-сирақтары мен аңшы мылтығы табылды. Былтыр облыста қызыл кітапқа енген аңды атқан 2 дерек тіркелген еді. Ол кезде 5 қарақұйрықты атқан 6 адам сотталған.

Талғат Әленов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы:

– Қазіргі таңда ҚР қылмыстық кодексінің 339 бабы талаптары бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала деректер бойынша 2 бас арқар аңын заңсыз аулағаны үшін келтірілген зиянның мөлшері – 26 253 000 теңге.