Ақтөбе облысындағы кен орнында болған оқыс оқиғаның себебі жарияланды

«Ақтөбе мыс компаниясында» бірнеше адамның өлімімен аяқталған жазатайым оқиға қауіпсіздік ережесін сақтамаудан болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тексеру шараларын жүргізген арнайы комиссия осындай қорытынды жасады. Кен орнында жару жұмыстарын жүргізген бес адамның төртеуі жарылыстан кейін жерасты шахтасынан шығуға ұмтылып, көз жұмған. Біреуі қорғану құралын қолданып, шаң-тозаң сейілгенше отырып аман қалған. Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаевтың айтуынша, ауа тазартатын желдеткіш кешігіп іске қосылған. Кен орнындағы оқыс оқиға өткен жылдың 30 желтоқсанында болған еді. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Саламат Аманбаев, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы:

– Комиссия осы жұмысты аяқтағаннан кейін өзіміздің актіміз бар, ол актіні бүкіл құжаттармен бірге полиция бөліміне жібердік. Әрі қарай тергеу кезінде анықталады, қай лауазымды адам қылмыстық кодекске байланысты ертең жауапкершілікке тартылады. Сондықтын бүгін біздің міндет – тергеу жүргізу.