Құмкөл кенішінде жұмысшылар контейнері өртенді

Құмкөл мұнай кенішінде жұмысшылар демалатын контейнер өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өндіріс аумағындағы бақылау-өткізу бекетінде орналасқан контейнердің ішінде 3 адам қалып қойған. Құтқарушылар оларды алып шығып, жансақтау бөліміне жеткізді. Денелерін 25 және 90 процент деңгейінде күйік шалған. Жағдайлары орташа ауыр дейді мамандар. Науқастар қазір дәрігерлердің бақылауында. Мұндай оқыс оқиға өткен жылы да тіркелген болатын. Ол кезде Қоныс – Бектас бекетінде 48 контейнер өртеніп, 3 адам қаза тапты.

Нұрсұлтан Ибрагимов, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ бастығы:

– Контейнердің өртенген аумағы 72 шаршы метрді құрады. Ішінен бір тұрмыстық газ баллоны шығарылды. Осы жағдайлардың барлығы облыс тұрғындарының өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауы, электронды қондырғыларды бақылаусыз қалдыру салдарынан орын алып отыр. Сондықтан тұрғындарға және мекемелерде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақталса деп талап қоямыз.