Он жастағы қызды қорлаған педофил өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты педофилді өмір бойына бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Сот процесі жабық жағдайда өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске сала кетейік, атышулы қылмыс былтыр Жаңаөзен қаласында жасалған еді. 36 жастағы ер адам анасы үйде жоқ кезде 10 жастағы қызды ұрып-соғып, қорлады деп айыпталды. Күдікті сол уақытта мас күйінде болған. Әрекетін мойындамаса да, сот-медициналық сараптама оның кінәлі екендігін дәлелдеп берді. Сот залында ол үкіммен келіспейтінін, қарсы шағым жазатынын мәлімдеді.

Гауһар Нұрханова, облыстық соттың баспасөз хатшысы:

– ҚР қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігімен, 121-бабы 4-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған баланы зорлау және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсету әрекеті бойынша қылмыстық іс қаралды. Аталған қылмыс ауыр санатқа жататындықтан және қоғамға қауіптілігі ескеріліп, сот үкімімен сотталушы аталған баптармен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.