ШҚО-да полицейлер үш жасар баланы қаңғыбас иттерден құтқарып қалды

ШҚО-да Полиция қызметкерлері 3 жасар баланы қаңғыбас иттерден құтқарып қалды, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Көкпекті ауданының тұрғыны Евгения Силантьевтың айтуы бойынша ата-анасы жұмысқа кетіп, балаларды ата-әжесінің жанына тастап кеткен. Сол уақытта 8 жасар Илья мен 3 жасар бауыры Ярослав далаға ойнауға шығады. Алайда ағасы Илья шаналарын алу үшін үйге қайтып оралған сәтте қақпа сыртындағы бауырының жылаған дауысы мен иттердің үрген дауысын естіген. Бірден далаға жүгіріп шыққан ағасы бауырының жанына үлкен екі итті көреді.

Бұл уақытта полиция қызметкерлері Ринат Халиуллин мен Сымбат Оразгалиев қызметтік көлікпен үйдің маңынан өтіп бара жатқан.

«Бұл менің досымның үйі. Мен Илья мен Ярославты бұрыннан білетінмін. Біз сол күні кезекшіліктен шыққан болатынбыз. Жол бойынан кішкентай бала мен айналшықтап, үріп тұрған қаңғыбас иттерді көрдік. Ойланбастан барып иттерді қуып жібердік», - дейді Полиция капитаны Ринат Халиуллин.

Абырой болғанда зардап шеккен ешкім жоқ. Тек кішкентай Ярослав біраз қорқып қалған.

«Балаларымды қаңғыбас иттерден аман алып қалғаны үшін өзімнің досым Ринат пен оның әріптесі Сымбатқа алғысым шексіз! Егер олар уақытында келіп, иттерді қуып жібермегенде балаларыма не болатынын елестете де алмаймын», - дейді Евгения Силантьев.