Павлодар облысында ер адам жанып жатқан үйден көршісін алып шықты

Жедел медициналық жәрдем бригадасы зардап шеккен адамды Успен аудандық ауруханасына жеңіл дәрежедегі жану өнімдерімен улану диагнозымен жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Павлодар облысы ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша,  01 сағат 10 минутта Успен ауданының №17 өрт сөндіру бөлімінің «101» пультіне Успен ауылының Милевск көшесіндегі тұрғын үйдің жанғаны туралы телефон хабарламасы түскен.

- Шақыру орнына келгеннен кейін жеке тұрған екі бөлмелі саманнан жасалған үйде жиһаз, үй заттары, ағаш терезелер, есіктер және жалпы 40 шаршы метрде жартылай ағаш шатыр құрылымдары жанып жатқаны анықталды. Кезекші қарауыл келгенге дейін көршісі, ҚАЖД пробация қызметінің инспекторы Төлеген Нұржан үй иесін  1966 жылы туған ер адамды далаға шығарды.  Зардап шеккен тұрғынды ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Ер адам мас болған, - дейді департаментте. 

Сонымен қатар, газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамында өрт  сөндіруші азаматтық қорғау кіші сержанты Расул Қазбеков үйден сыйымдылығы  27 л 1 газ баллонын эвакуациялап, газ баллонының жарылуын алдын алды. 

Тілсіз жау 02 сағат 48 минутта сөндірілді. Оқиға орнында жеке құрамнан 4 адам және 2 техника жұмыс істеді. Өрттің шығуына мас күйінде төсекте темекі шегу себеп болған.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылардың ескертулерін назардан тыс қалдырмауды сұрайды.