Таразда 28 жастағы жігіт өзін-өзі өртеп жіберді

Таразда 28 жастағы жігіт өзін-өзі өртеп жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Азаматтың туған-туыстары бар кінәні полицейлерден көріп отыр. Айтуларынша, тәртіп сақшылары жігітке жасамаған қылмысын жасадың деп айып таққан. Мойындамаған жағдайда темір торға қамаудың басқа жолын табамыз деп қысым көрсеткен көрінеді.

Досжан Жарылқасын ауруханаға бір апта бұрын дене күйігімен түскен. Інісінің айтуынша, полицейлер үйлеріне келіп, «Шалғай Қарасу» алқабынан 5 бас мал ұрлады деп айыптаған. Одан кейін оны өздерімен бірге алып кетіп, қылмысты мойындату үшін ұрып-соққан көрінеді.

Жасұлан Жақып, Досжан Жарылқасынның інісі:

19 күні. Бес сағат. Екінші күні тағы келіп тұр. Шықсам, ағама жүр деп жатыр екеуі. Ағам айтып жатыр «мен бармаймын, кешегідей ұрып соқтыңдар» деп. Одан қалды екеуміздің көзімізше екеуі соттатып жіберем деп қорқытты. Сол кезде ағам өзін-өзі жағып жіберді. Мен істемеген нәрсемді мойныма алмаймын деп.

Ринат Тәжімов, Досжан Жарылқасынның көршісі:

– Сыртқа шықсам, гүбірлеген дауыс естідім. Шығып қарасам олар тұр екен. Қорқытып жатыр. «Сені отырғызатын болсақ, былай да отырғызамыз, мойында» деп. Қысқан ғой баланы әбден. Ашуға салынғаннан оттықты алып, өртеніп кетті.

Туған-туыстары Досжан мұндай әрекетке шарасыздықтан барғандығына сенімді. Қазір науқастың жағдайы түзелген.

Әбілсейіт Сыдықов,  Күйік бөлімінің меңгерушісі:

– 20 қаңтар күні сағат 14:55-те бізге жедел жәрдем каретасымен жеткізілді. Келіп түскендегі диагнозы денесін 12 процент күйік шалған. Содан бері жасалған ем-домның арқасында қазіргі жағдайы жақсы. Науқас таяу күндері шығуға дайындалып жатыр.

Өзін-өзі өртеген жігітпен бетпе-бет сөйлесудің реті келмеді. Ауруханада карантин. Болған жәйтты оның өзі телефонға түсіріп жіберген.

Досжан Жарылқасын, қала тұрғыны:

– Ұрып, соғып, қылқындырып ауа жұтқызбай қинады. Бір-екі күннен кейін болса да мойныма іліп жіберетінін, бірдеңе салып жіберетін сездім да күйіп кеткеннен кейін өзімді жағып жібердім. Сол кезде інім мен көршім Ринат өшіріп алды.

Алайда полицейлердің уәжі басқа. Тәртіп сақшылары жанып жатқан жігітті өшіріп, жедел жәрдем шақыртқан көрінеді. Полиция департаментінің мәліметінше, Досжан Жарылқасын бұған дейін бірнеше рет істі болған. Екі рет мал және 4 рет қалта ұрлығы бойынша ұсталған. Заң бұзғаны үшін шартты түрде сотталған. Ал аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұрланған малдың жылпы құны 265 мың теңге.

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

– Азаматтың өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар қосымша Жамбыл облысы бойынша жемқорлыққа қарсы күрес басқармасымен Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігімен полиция қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды.

Бұл істің ақ қарасын тергеу нәтижесі көрсетеді. Әзірге бұл оқиға біздің бақылауымызда болады.

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...