Қарағанды облысында жол апатынан бес адам қаза тапты

Қарағанды облысында болған жол көлік оқиғасы салдарынан 5 адам көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол көлік апатынан 5 адам қаза тапты. Оқыс оқиға Қарағанды – Абай тасжолында болған. BMW автомобилінің жүргізушісі көліктің тізгініне ие бола алмай қозғалыстың қарсы бағытына шығып кеткен. Нәтижесінде 26 жастағы жүргізуші басқарған Chevrolet автокөлігімен соқтығысады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан BMW автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Chevrolet автокөлігінің үш жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Chevrolet автокөлігінің жүргізушісімен тағы бір жолаушысы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

– Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345 бабы, 4-тармағына сәйкес іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қарағанды облыстық полиция департаменті көлік жүргізушілерінен жылдамдықты шектен тыс асырмай қарапайым жол жүру ережелерін сақтауды сұрайды.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮК КӨЛІГІ ӨРТЕНДІ

Өскемен – Алматы тасжолында жүк көлігі отқа оранды. Автомобильдің қозғалтқышынан шыққан жалын жүргізуші кабинасы мен дөңгелектеріне көшіп, тіркеудегі құрылыс материалдарын да шарпыған. Өрттің көлемі 40 шаршы метрге дейін жетіп, автомобильден сау тамтық қалмаған. Тілсіз жауды ырықтандыра алмаған жүргізушіге көмекке өрт сөндірушылер жетті. Жалынның шығу себебі мен шығын көлемі тиісті сараптама жүргізілгеннен кейіін белгілі болады.

25 КГ МАРИХУАНА ТӘРКІЛЕНДІ

Күршім ауданы тұрғынынан 25 кг марихуана тәркіленді. Өңірдегі шаруа қожалықтарының бірін тінту кезінде полицейлер күдікті иісті өсімдікке толы үш қапшық тапқан. Сондай-ақ есірткі заттарын қолдануға арналған құрал-саймандарды тәркіледі. 

Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде аталмыш серіктестіктің 28 жастағы жұмысшысы есірткі заттарын сақтағандығын мойындады. Оның айтуынша, өсімдіктерді ол өткен жазда қожалық маңынан теріп алған. Сот-химиялық сараптама қаптарға салынған сақталған заттың марихуана екендігін көрсетті.

Дидар Күдербаев, Күршім ауданы ПД бастығының орынбасары:

– Таза салмағы 24 келі 866 грамды құрады. Оны өзі пайдалануы үшін сақтағаны анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігімен, яғни есірткі, психотроптық заттармен сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.

СЕМЕЙДЕ БАЛАНЫҢ ҚОЛЫ ҚЫСЫЛЫП ҚАЛДЫ

Семейде 11 жасар бүлдіршін батарея арасына қысылып қалған. Шаңғы базасынан оралған соң жеткіншек тоңызап қалған қолын үйді жылыту жүйесінің үстіне қояды. Сол сәтте батареяның арасына кептетілгенін байқамай да қалған. Өз күшімен шығарып көрмек болғанымен ешқандай нәтиже шықпайды. Темірдің арасында қалған баланы жақындары да құтқара алмаған соң төтенше жағдайлар департаменті мамандарына хабарласқан. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар бүлдіршіннің қолын алып шықты. Алайда оның шынтақ тұсын күйік шалып үлгерген.

40 МЛН ТЕҢГЕ САЛЫНҒАН СЕЙФ ҰРЛАНДЫ

Көкшетау тұрғынының үйінен белгісіз біреулер ішінде 40 миллион теңгесі бар темір сейфті жымқырған. Күдіктілерді бейнебақылау камералары арқылы анықтаудың сәті түсті. Ұрылар пәтерге тал түсте кіргендігі мәлім. Бұл дерекке қатысы бар деген күдікпен үш азамат қолға түсті. Олардан бұлтартпас айғақ ретінде 10 миллион теңге тәркіленген. Қазір аталған тұлғалардың бұған дейін тіркелген өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталуда.