Алматыдағы техникалық қызмет көрсету орталығында 20 көлік жанып кетті

Алматыда көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығында болған өрттен 20 көлік жанып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оттың қалай тұтанғаны анықталып жатыр. Өрт 600 шаршы метр аумақты шарпыған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, көліктерінің күлі ғана қалған тұрғындар шығынды кімнен өндіреміз деп алаңдап отыр.

Ольга Ягорская, зардап шегуші:
– Күйеуім көлігін осында екі апта бұрын жөндеуге қалдырған.
Бүгін көлікті алу үшін келгенде осындай жағдай болғанын біліп отырмыз. Енді не істерімді білмеймін, отбасымызды осы көлікпен асырап отырғанбыз. Төтенше жағдайлар департаменті мен полицияға арыз жаздық.

Оқиға кеше кешкі сағат он шамасында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, Сәтпаев көшесінің бойындағы өртті сөндіруге екі әскери бригада жұмылдырылған. Оқиға орнында жарылыс болып, жақын жердегі нысандар мен жанармай құю бекетіне қауіп төнген.

Гүлдана Нұрымбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
Жанармай бекетіне өрттің таралу қаупі туындады. Жанып жатқан бокстардың қасында орналасқан 15 автокөлік эвакуацияланды. Өрт оқпандар жіберіліп, оқиға орнынан 4 газ балоны шығарылды. Жалпы өрт сөндіру жұмыстарына басшылықпен қоса 45 адам жұмылодырылды. Сондай-ақ 15 бірлік техника.