419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да жол апатынан бір адам қаза тапты

  • 209
  • UPD: 13:16, 06.02.2021
СҚО-да жол апатынан бір адам қаза тапты

СҚО-да «ВАЗ-21099» автокөлігінің мас жүргізушісі жүк көлігімен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

4 ақпан күні шамамен сағат 20:50-де Челябинск-Новосибирск автожолында «ВАЗ-21099» автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегінде тұрған «Volvo» ауыр жүк көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-21099» автокөлігінің 1999 жылғы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі және 1989 жылғы екінші жолаушы орталық аудандық ауруханаға жеткізілді.

Медициналық куәландыру «ВАЗ-21099» көлігі жүргізушісінің масаң күйде болғанын көрсетті. Аталған факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

«ВАЗ-21099» автокөлігінің жүргізушісі ҚР ҚПК-нің 128-бабы бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды.

2021 жылдың қаңтар айында СҚО жолдарында алты жол-көлік оқиғасы тіркелді, олардың салдарынан бір адам қаза тауып, жеті адам жарақат алды. Маусымаралық кезеңнің жақындауына және көктайғаққа байланысты полицейлер жол қозғалысы қатысушыларын жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға, жолда арақашықтықты сақтап, жылдамдық режимін бұзуға жол бермеуге, қандай жағдай болмасын рульге масаң күйде отырмауға шақырады.

Хабар 24 телеарнасы