Елордада ұтыс ойынын ұйымдастырғандар полицияға жеткізілді

Елордада гүл сататын дүкен алдына бірнеше мың адам жиналып, соңы дауға ұласты.

Бұған дейін жаңа гүл дүкенінің ашылуына орай ұтыс ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде бас жүлдеге көлік тігілгені хабарланған. Мұны естіген елордалықтар Мәңгілік ел көшесінің бойына жиналып, кептеліс болды. Дүкен маңына халық тым көп жиналған соң ұйымдастырушы тарап белгісіз себептермен ұтыс ойыны өткізілмейтінін айтқан. Бұған қарсылық танытқан жұрт ішке кіруге ұмтылған.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары жетіп, ұйымдастырушылар Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілді.

Оларға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.