Елордада ер адам көпірден секірмек болды

Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері көпірден секірмек болған ер адамды құтқарды, деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Кеше сағат 23:46-да Жедел басқару орталығының «102» арнасына Сарыарқа даңғылы бойындағы көпірдің таянышында отырған ер адамның секіруге оқталғаны туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына құрамында ПП Полкі қызметінің инспекторлары полиция аға лейтенанты Жандос Тұрашов және полиция лейтенанты Жақсылық Қарабаев бар патрульдік полиция экипажы жетті», - делінген хабарламада.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көпірден аяғын салбыратып қойған ер адамды байқайды. Инспекторлар жағдайды бақылай келе қажетті сөздерді тауып айтып, ер адамның назарын аударған. Осылайша, ер адамға жақындап келіп, оны ұстап қалған және көпірдің қоршауынан шығарып алған.

«Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша 33 жастағы ер адамның алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Ашынған әрекетінің себептері анықталуда. Ер адам аудандық бөлімшеге жеткізілді. Ол жерде психологтар онымен жұмыс істейді», - делінген ПД хабарламасында.