Қарағандыда шағын несие мекемесіне қарақшылық шабуыл жасап ақша алып кеткен күдікті екі азамат ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар кассирді бензин құйып өртеп жібереміз деп қорқытып, 120 мың теңгені қолды еткен. Күдіктілердің іс-әрекеті түгел бейнебақылау камераларына түсіп қалыпты. Заңсыз әрекетке барғандар әккі қылмыскерлердей бетін қымтап алған. Енді олардың қылмысы дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ислам Мусин, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы:
- Криминалдық полиция қызметкерлерінің жан-жақты жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 және 28 жастағы екі азамат ұсталды. Ұсталған азаматтар мойындау көрсетпе белгілерін берді. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.