Шымкентте көп қабатты ғимараттың төбесі құлап, үш адам қаза тапты

Шымкентте 5 қабатты ғимараттың төбесі құлап, 3 бірдей ер азамат опат болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға бүгін түс ауа болған.

Марқұмдардың бірі күзет қызметінің қарауылы, екеуі жұмысшы.

Белгілі болғаны, үлкені 54-те, қалған екеуі  24 және  22-дегі жас жігіттер. Ал қираған Еңбекші ауданы Қапал батыр тас жолының 5 шақырымында орналасқан «Ордабасы» индустриалдық аймағындағы ғимарат. 5 қабатты нысанның төбе жабындысы құлаған. Жалпы бұл жұмыс істемей тұрған аумағы 2 мың шаршы метрлік нысан болып шықты.

Алдын ала ақпарат бойынша жұмысшылар бос қалған цехтағы металл конструкцияларды бұзбақ болған.

Құтқару жұмыстарына төтенше жағдай департаментінің жедел-құтқару жасағы мен кинологиялық қызмет және дәрігерлер жұмылдырылды.