Петропавлда жатақханадағы газ баллоны жарылысынан екі адам қаза тапты

Петропавлда жатақханадағы газ жарылысынан екі адам қаза тауып, 10 адам зардап шекті.

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Бүгін сағат 15:59-да 101 пультіне Интернациональная, 21 көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында газдың жарылғандығы және одан кейін өрт тұтанғаны туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына облыстық өрт сөндіру бөлімінің және ТЖД жылдам құтқару отрядының барлық бөлімшелері жөнелтілді», деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Облыстық ТЖД ақпаратына сәйкес оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, 10 адам зардап шеккен.

Қазір оқиға орнында өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.