Петропавлдағы жарылыс: үш адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр

Петропавлда жарылыстан жарақат алғандардың жағдайы айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 адам ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Тағы 10 жасар баланың жағдайы орташа деп бағаланып отыр.

Естеріңізге салайық, кеше қалада жатақханада газ баллоны жарылып, екі адам – 24 жастағы кафені жалға алушы мен қызметкері қаза тапты. Қатты дүмпуден тұрғын үйдің қабырғалары мен бірінші қабаты опырылып қалған. Ал 120 адам оқиға орнынан эвакуацияланды.

Гүлнәр Қалиева, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– Қалалық көпбейінді ауруханаға 12 адам жеткізілді. Оның біреуі – 24 жастағы ер азамат қайтыс болды. 20 жастағы қыз бала реанимацияда. Жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Сонымен қатар алтауын үйге жіберілді. Амбулаторлық ем қабылдауда. Қалғандары ауруханада жатыр.

Төтенше жағдайдан далада қалған тұрғындар жақын маңдағы мектеп пен университет жатақханасына жайғастырылды. Қазір зардап шеккендерге көмек көрсету қоры ұйымдастырылған. Осыған байланысты комиссия құрылып, жарылыс болған ғимаратқа техникалық сараптама жасалады.