Петропавлда тұрғын үйдегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды

Петропавлдағы көпқабатты тұрғын үйдегі жарылысқа байланысты «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы комиссия құрылып, оқыс оқиға болған жерде тексеріс басталды.

Апат болған жер қоршауға алынған. Қазір мұнда жауапты мамандар қызмет атқарып жатыр. Ішке ішкімді кіргізбейді. Темірдей тәртіп сақталған.

Алдын ала болжам бойынша жатақханаға жапсарласа орналасқан дәмханада газ балоны жарылған. Өрттің жалпы ауданы 110 шаршы метрді құрады. Тұрғындардың барлығы қауіпсіз жерге көшірілді.

Людмила Чекунова, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жарылыс болғанда үйдегі жиһаздарымыз орнынан қозғалып кетті. Бірден баланы кіиндіріп, дәлізге шығарып жібердім. Ол кезде көршілеріммен құтқарушылар сыртқа алып шықты.

Лариса Бозина, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Сыртқы киімді іле салып, далаға атып шықтық. Киетін киімім болмаған соң, бүгін жұмысқа да барған жоқпын. Құрбымның үйіндемін қазір. Енді не боларын білмеймін. Әкімдіктегілер келіп кетті. Тіс жармайды. Далада қалмасақ болды.

Құтқарылған 120 адамның жартысына жуығы қазір туған-туыстарын паналауда. Қалғандары жергілікті оқу ордасынының жатақханасына орналастырылды.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Газ баллоны 03:50 кеткенде жарылды. Содан бастап мамандар үйінділерді сыртқа шығарып жатыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуы бойынша арнайы комиссия құрылды. Және ол баспаналарадың апаты ма, жоқ па екендігін анықтайды. Бұдан соң, қалалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, көпқабатты тұрғын үй қалпына келтірілетін болады.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

– Пәтер иелеріне қаржылай көмек жасалады. Және де осы ғимаратты толығымен қалпына келтіру үшін қаланың бюджетінен тиісті қаражат бөлініп, біз жөндейтін боламыз толығымен. Бүгін аражат бөлінетін болады. Тез арада жұмысқа кірісіп кетеміз. Мұндай оқиғаларды болашақта болдырмау үшін тиісті комиссия құрылып, біз осы көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан мейрамханаларды тексеретін боламыз.

Бес қабаттан тұратын үй 1971 жылғы. Онда 109 бөлме бар. Аталған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалып, облыстың бас прокуроры оны қатаң бақылауына алды.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов