Екібастұздағы кісі өлтіру: полиция оқиғаға қатысты ақпарат сұрастыруда

Екібастұзда белгісіз біреу көше ортасында ер адамды өлтірді. Қарудан атылған оқ басына тиген. Алынған жарақаттан ер кісі сол жерде тіл тартпай кетті. Полицейлер қылмыс жасаған адамға қатысты қандай да бір ақпарат болса, 102 номеріне хабарласуларын сұрайды. 

Жасқайрат Қайыров, ПД бастығының орынбасары:

- Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Іс қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлімі бойынша қаралады. Қазір қару қолданған адам іздестіріліп жатыр.

Ақтөбеде есірткінің ірі көлемімен шетел азаматы ұсталды. Полицейлер Қырғызстан тұрғынын Самара-Шымкент тас жолында тоқтатқан. Көлігін тінту кезінде екі жол сөмкесінінің ішінен жиырма екі келі марихуана табылды. Улы затты тасымалдаушы енді 3 жылдан 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ақсуда автобус жеңіл көлікті басып өтті. Жол апатына қоғамдық көліктегі ақау себеп. Оның беріліс қорабы істен шыққан. Ішінде жолаушылар бар автобус тоқтамақ болып, кенеттен артқы жағымен қозғала бастаған. Сөйтіп, жолшыбай жолда тұрған жеңіл көлікті сүйреп өткен. Қос көлікте бес адам болған. Ешқайсысы зардап шекпеген.

Атырау облысында заңсыз балық аулаушылар азаймай тұр. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына қарасты Дамбы инспекциясы бастығының жүргізушісі заңсыз ауланған 300 келі сазан балығын алып келе жатып ұсталған. Қазір тізгіндегі «Chevrolet NIVA» автокөлігі қызметтік қамауға қойылып, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Гүлназира Мұхтарова, ПД баспасөз хатшысы:

- Полиция қызметкерлері рейдтік рейдтік шаралар барысында Жайық өзені мен Каспий теңізіне мұз тұрғалы браконьерлерден 1 тонна 712 келі қара балық тәркіледі. Сонымен қатар 20 мотокөлік пен 2 автокөлік алынды. Құқық бұзушыларға қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде, ал мотокөліктер арнайы тұраққа алынды.