Павлодар облысында қаржылық пирамида жұмысы доғарылды

Жүзден астам адамды алдап соғып, ақшасын жымқырған «Лидер Капитал 168» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметі тоқтады.

Қаржылық пирамида қағидатымен жұмыс істеген ұйым былтыр Павлодар облысында құрылған. Алаяқтар азаматтарға құйған қаржысының 10 проценті көлемінде ай сайын пайда табуға болатын жүйе ұсынған көрінеді. Осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазір қаржылық пирамидадан зардап шеккендер іздестіріліп жатыр. Бұл ретте қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды күмәнді компанияларға қаржыны құймауға үндейді. Халықтың қаржысын тек екінші деңгейлі банктер немесе құзырлы органның лицензиясымен жұмыс істейтін ұлттық операторлар ғана тарта алады.