Ақтөбедегі ауылда газ баллоны жарылып, оқушы көз жұмды

Мұғалжар ауылында газ баллоны жарылып, үй өртенді. 2010 жылы туған бала көз жұмды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

24 ақпан күні сағат 23:51-де Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметіне Мұғалжар ауылы, Зауыт көшесіндегі үйде газ баллоны жарылып, артынан өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Мұғалжар ауылының өрт сөндіру бөлімі, полиция және жедел жәрдем бригадасынан 13 адам және 4 техника оқиға орнына дереу жетті. Өрт 80 шаршы метр жерді шарпыған.

«Жарылыс салдарынан үйдің қабырғалары құлады. Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт сағат 03:20-да өрт толықтай сөндірілді. Оқиға кезінде 2010 жылы туған бала қаза болды. 1968 жылы туған үй иесі мен 1998 жылғы азамат әртүрлі дәрежедегі күйік алып, жедел түрде аудандық ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен және облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың басшылығымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы жедел комиссия құрылды», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.