БҚО-да жол апатынан төрт адам қаза тапты

Батыс Қазақстан облысында жол апатынан 4 адам қаза тауып, алтауы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 26 ақпан күні Ақжайық ауданы аумағында болды. Сағат 03:29-да Атырау – Орал жолының 259-шақырымында Атамекен ауылынан 10 км жерде екі «Тойота Камри» автокөлігі соқтығысты.

Соның салдарынан екі көліктегі 4 жолаушы көз жұмып, алты адам Тайпақ ауылындағы ауруханаға жеткізілді.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің нақтылауынша, ауа райының нашарлауына байланысты аталмыш бағыттағы күре жолды 26 ақпан күнгі сағат 00:00-ден бастап жабу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда такси жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған. Соның салдарынан екі көлік бетпе-бет соқтығысқан. Оның полиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны жөнінде бейнежазба бар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жол апатынан алты адам қаза тауып, тірі қалған науқасқа 10 сағат ота жасалған болатын.