Түркістандағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Кеше Түркістан қаласында болған қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 адамның өмірін жалмаған оқиғаның себебін анықтау жөніндегі комиссия отырысын өткізген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев, құзырлы орган өкілдеріне жан-жақты тергеу жүргізіп, кінәлілерді тауып, жазалауды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының психологтар тобы қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көмек көрсетеді. Қазір барлық мүдделі органдардың қатысуымен баспасөз конференциясы өтіп жатыр. Айта кетейік, кеше кешкісін Түркістандағы жеке тұрғын үйлердің бірінен газдан уланған 5 адамның мәйіті табылған болатын.

Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы:

– С.Бейбарыс көшесіндегі 26 үйде 1980 жылы туылған азаматшаның және 2004, 2006, 2014, 2016 жылы туған екі ұл мен екі қызының мәйіті табылды. Тұрғын үй табиғи газбен жабдықталғаны анықталды. Сонымен қатар жатын бөлмеде камин типті жылыту құрылғысының орналасқаны анықталды. Алдына ал болжам бойынша, улы газдан уланды деген болжам қойылып жатыр. Тексеру жұмыстары жалғасын табады.