Ақтауда пәтерді дезинфекциялау кезінде уланып қалған балалар көп ұзамай үйлеріне оралады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ауруханаға түскен кезде 3 айлық сәби мен 5-14 жас аралығындағы өзге балалар көпке дейін құсып, бастары айналған. Қазіргі уақытта жағдайлары жақсы. Дәрігерлер қорытынды медициналық талдаулар оң нәтиже берсе, бүгін-ертең жақындарына қайтарамыз деп отыр. Ал сәбиден бронхит дерті табылуына орай емдік шаралар тағайындалған. Сондай-ақ «Квикфос» препаратынан уланған әйел мен ер адам профильді бөлімшеге ауыстырылады. Пәтерін көршілеріне ескертпей улап, 10 айлық бала мен анасының өліміне себепкер болған күдікті тергеліп жатыр.
Найля Гайсина, қалалық ПБ тергеушісі:
– Химия-токсикологиялық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы 1 айда шығады. Өзге де мәліметтер тергеу құпиялығына сәйкес жария етілмейді. Бұл дерек сотқа дейінгі тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөлігімен тіркелді.