Маңғыстау облысында қаңтар айында 17 пәтер мен 15 автокөлік отқа оранған

Басым көпшілігі тоқтың қысқа тұйықталуынан болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте жеке тұрғын үй секторында рейдтік шаралар жүріп жатыр. Олардың жоспардан тыс жүргізілуіне соңғы уақытта өрт шығу деректерінің көбейіп кетуі себеп. Тек өткен аптаның өзінде 5 өрт оқиғасы тіркеліп, бір адам зардап шекті. Қазір төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға сақтану жолдарын түсіндіріп жүр. Жыл басынан бері кезекші бөлімге 150-ге жуық адам хабарласып, көмек сұраған.

Мұрат Мұханов, облыстық ТЖД басшысы:

– Аула аралау мәселелері басты назарда тұр. Оның ішінде осал топтағы, яғни жағдайы төмен отбасылардың тізімін жасақтадық. Осы бойынша бүгінгі таңда облыс аумағында 3 мың 763 тұрғын үй бар. Өрт болған жағдайда не істеу керек? Қалай өртті сөндіру керек? Осының барлығы түсіндірілді. Бұдан бөлек, қазіргі таңда әкімдіктермен аталған осал топтағы жанұяларға газталдағыш сигнализаторлары алынып, орнату жұмыстары жүріп жатыр.