Ақмола облысында шахтада топырақ басып қалған екі жұмысшы құтқарылды

Ақмола облысында шахта опырылып, екі адам ауыр жарақат алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қайғылы оқиға Астрахан ауданындағы кен орындарының бірінде болған. 100 метр тереңдіктегі үйінді астында қалған 20 және 21 жастағы жұмысшыларды жергілікті құтқарушылар аман алып шыққан. Екеуі де бел мен аяғынан жарақаттанған. Кеншілерді аудандық ауруханаға төтенше жағдайлар мамандары алып барған. Себебі, бораннан жол жабылып, жедел жәрдем көлігі жете алмапты. Қазір зардап шеккен жұмысшылар емдеу мекемесінде жатыр. Жағдайлары орташа ауыр, дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Аят Серәлиев, Астрахан аудандық ТЖ бөлімінің жетекшісі:

– Медицина қызметі алғашқы көмекті көрсеткен соң біз оларды «Трикол-Вега» жол талғамайтын көлігімен аудандық ауруханаға жеткізуге шешім қабылдадық. Жұмысшыларды аман-есен медицина мекемесіне апарып, оларды дәрігерлерге тапсырдық.