Қызылорда облысында қызыл кітапқа енген ағашты кескендер ұсталды

Қызылорда облысында Қызыл кітапқа енген өсімдік ағашын кескен ауыл тұрғындары ұсталды. Бұл заңсыз әрекет полицейлер мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері бірлесіп өткізген рейд барысында анықталған. Жас жігіттер Өзгент ауылынан 3 шақырым жердегі тоғай арасында автокөліктерінің тіркемесіне тораңғыл өсімдігіне ұқсас ағаштарды тиеп жатқан. Күдіктілердің екеуі де 23 жастағы аудан тұрғындары екен. Олар полиция бөліміне жеткізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Автокөліктер айып тұрағына қойылды.

Алматы облысының полицейлері жедел іздестіру барысында есірткі саудагерлерін қолға түсірді. Олар 20 мен 30 жас аралығындағы Талдықорған қаласының 4 тұрғыны болып шықты. Синтетикалық есірткіні құпия тәсілмен жасырып кету арқылы пайдаға кенелмек болғандардың жолы кесілді. Тепсе темір үзетін жас жігіттерді тінту барысында бір жарым келі болатын 165 түйіншек тәркіленді. Бұл заттардың қара нарықтағы бағасы 32 миллион теңгеге бағаланады екен. Тауардың Алматыдан жеткізілгені мәлім болды. Қазір күдіктілер абақтыға қамалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Риддер қаласында 51 жастағы ер адамның пәтерінде 199 дана патрон табылып, тәркіленді. Мамандар олардың барлығы ату үшін жарамды әр түрлі өлшемдегі оқ-дәрілер екенін анықтаған. Ұсталған ер адамның бұл қаруға қатысы жоқ болып шықты. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Қостанай облысының полицейлері Амангелді ауданында заңсыз аң аулау фактісін анықтады. Тергеу барысында жергілікті кәсіпорын қызметкері мен оның 41 жастағы танысы Бірәлі қыстауы маңайында екі жабайы қабанды атып өлтіргені мәлім болды. Аумақты тексеру барысында полиция қызметкерлері жабайы қабандардың еті мен терісін, 12 калибрлі ИЖ-43 маркалы екі ұңғылы мылтықты тауып алып, тәркіледі. Енді осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.