Қостанай облысында 13 адам қар құрсауынан шығарылды

Ауа райының қолайсыздығынан бүгін түнде Қостанай облысында 13 адам қар құрсауынан шығарылды.

Жітіқара-Чайковский және Жітіқара-Забелов тас жолында екі көлік ақ ұлпаның астында қалды. Құтқарушылардың күшімен қос темір тұлпардағы сегіз адам және жолда адасқан бір адам эвакуацияланды. Сонымен қатар Әулиекөл ауылынан 38 шақырым жерде жеңіл көлік омбы қарда қамалды. Оның ішінде төрт адам болған. Құтқарылғандардың бәрі медициналық көмектен бас тартты. Жалпы облыс аумағында қар басып қалатын 269 учаске белгіленді. Солардың барлығы құтқарушылардың бақылауына алынған.

Сапаш Серкебаев, ТЖД бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Қазірдің өзінде 23 жылыту бекеті дайын тұр. Олар тәулік бойы істейді. Соңғы үш күнде жеті рет құтқару операциясы жүргізілді. Дауылды ескертуге байланысты әзірге Арқалық қаласында полицейлермен бірлескен бекет қойылған.