Елімізде есірткіге елігендер үшін доза табу қиын болмай қалды

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында есірткі тасымалдаушылар қолға түсті.

Полиция қызметкерлері Самара-Шымкент тас жолында «ВАЗ-2115» үлгісіндегі көлікті тоқтатқан. Патрульдік инспекторлар жақындаймын дегенше жүргізуші терезеден полиэтилен пакетін лақтырып үлгерген. Мұны байқап қалған полицейлер күдіктіні дереу қолға түсірді. Жедел тергеу тобының тексеруі барысында орама ішіндегі жасыл түсті ерекше иісі бар заттың кептірілген марихуана екені анықталды. Салмағы жарты келі. Қызылорда қаласының 40 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Гүлжаһан Қайырбергенова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Қызылорда облысының полиция департаментімен есірткі бизнесіне қарсы кешенді шаралар ұйымдастырылып, іске асырылуда. Жыл басынан өңірімізде барлығы 21 есірткі құқық бұзушылығы анықталса, оның 15-і ірі мөлшерде есірткі сақтау дерегі, бесеуі есірткі сату және 1 заңсыз есірткі жарнамалау дерегі.

Павлодарда есірткі заттарын өткізу кезінде 34 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Жедел уәкілдер оның жоғары сапалы синтетикалық психотропты заттарды әлеуметтік желі арқылы саудалағанын анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Павлодар облыстық полиция департаментіндегілердің айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Нұр-Сұлтанда дүкеннен ұялы телефон ұрлаған қылмыскер қолға түсті. Ол алғаш келгенде 275 мың теңгенің смартфонын байқатпай алып кеткен. Мұны дүкеншілер де аңғармапты. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» демекші ұры екі аптадан соң аталған дүкенге айналып соғып, аса қымбат смартфонды қолды қылған. Келтірілген шығын 625 мың теңге. Әккі ұры телефондарды саудалап үлгіріпті. Оның бұрын да осындай қылмыс жасағаны үшін істі болғаны анықталды.

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында сібір елігін заңсыз атқан браконьерлер ұсталды. Мылтық атылғанын естіген ауыл тұрғындары полицияға дереу хабарлама берген. Тәртіп сақшыларының жедел әрекет етуінің арқасында беймезгіл уақытта заңсыз аң аулаушылардың кімдер екені анықталып, олардан қарда жүретін техника мен оқ, аңшы мылтығы және атылған еліктің еті тәркіленді.