Браконьерлер құрған ауға итбалықтың түсуі жиілеп кеткен

Ақтаулық теңіз шекарашылары браконьерлер құрған балық аулау құралдарына итбалықтың түсуі жиілеп кеткеніне алаңдайды.

Айтуларынша, қаскөйлер суға лақтырған ау-тор біраз уақыт қараусыз жатады. Оған шырмалған теңіз хайуаны көп ұзамай аштан өледі. Былтыр шекара катерлерінің жауынгерлері 56 итбалықты ажалдан арашалап қалды. Өкінішке орай, боршаланған мүрделер де кездескен. Жалпы 2020 жылы мемлекет шекарасын бұзған шетелдік 4 су көлігі ұсталды. Жүрдек қайықтарда болған 15 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ еліміздің ішкі және аумақтық су режимін бұзған 117 қазақстандық азамат жауапқа тартылып отыр.  

Мұхтар Елеуов, ҚР ҰҚК ШҚ Аймақтық департаментінің басқарма басшысы:

- Өткен жылы браконьерлерден 2700-ге жуық бекіре мен 10 мыңнан астам өзге де балықтар тәркіленіп алынды. Табиғат қаскөйлері бізге негізінен Ресей және Әзербайжан елдерінен келеді. Олар құрған аулардан тірі күйдегі итбалықтар да табылып жатыр. Тек өткен қаңтар-ақпан айлары шекарашылар су бетінен жинап алған торлардың ұзындығы 102 мың метрден асады. Оларға шырмалған 500-ден астам бекіре балығы теңізге жіберілді.