Халықтың есепшотындағы ақшаны ұрлаумен айналысқан алаяқ ұсталды

Тәртіп сақшылары күдіктіні мегополистегі қымбат қонақүйлердің бірінде қолға түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

29 жастағы алаяқ Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Одан 22 ұялы телефон, 70-тен астам сим-карта алынды. Оның 50-і жаңа. 20-ға жуық банк картасы және 2,5 миллион теңгеге жуық қаражат дәйекті зат ретінде тәркіленді. Хакер көбіне алаяқтық әрекетін жарнама сайттары арқылы жүзеге асырып отырған. Сатушымен затын алуға уағдаласып, сеніміне әбден кіріп алған соң аударым жасайтын сілтемені жібереді. Аударымды растау үшін жәбірленушіге банк картасының мәліметтерін енгізуін сұрайды. Осылайша, бар мәліметті біліп алып отырған.

Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:

- Сатушы оның талаптарын орындайды. Дәл сол кезде сатушының банктік карточка шотындағы ақшаны арақашықтықта отырып қолды қылады. Қолды қылған ақшаны алдымен ұялы телефон нөміріне әуелі лақтырады. Содан соң басқа тұлғаларға тиесілі банктік карточкаларға, есепшоттарға жібереді, өзінің алдына дайындап қойған 30-ға жуық карточкасы бар. Бұл қайдан шыққан карточкалар десек, бұл шынында да бар азаматтардың атына жазылған. Бұрын олар 30-40 мың теңгеге сатып жіберген екен. Қазір олар үшінші тұлға ретінде қылмыскерлер болып отыр.

Қазір ақшамызды бөтен біреу қолды қылды деп, 50-ге жуық адам полицияға шағым түсірген. Олардың саны бұдан да артуы мүмкін. Күдікті алаяқтық әрекетін жалғыз өзі жасамаған. Оның жанында сыбайластары да болған. Олар іздестіріліп жатыр. Қолға түскен күдіктінің қылмысы дәлелденген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.