Атырауда мұзға түсіп кеткен екі жасөспірім құтқарылды

Атыраулық полицей мұзға түсіп кеткен екі жасөспірімді құтқарып алды, деп хабарлады Polisia.kz.

Атырау қаласында 11 наурыз күні сағат 20:00 шамасында Балықшы ықшам ауданынан шыққан 15 жастағы екі жасөспірім мұз астына түсіп кеткен. Балалардың көмек шақырған даусын естіген полицей Асқар Қабдуллаев дереу балаларды құтқаруға кіріскен. Салқын судан әлсіреген балалардың өз күштерімен судан шығуға шамасы келмеген. Екі жасөспірімді де судан аман алып шыққан соң Асқар Қабдуллаев балаларды жақын жердегі өз үйіне апарып, денелерін жылытып, жедел-жәрдем қызметкерлерін шақыртқан. Құтқарылған балалардың есімдері Владимир және Данил, бірі колледж студенті болса, екіншісі 8-сынып оқушысы. Балалар мен олардың ата-аналары полицейге алғыстарын білдіруде. 

Дәрігердердің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Мұзды суға түскендіктен денелерінде салқын бар. Тиісті ем-домдары жасалады.