Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, төрт адам қаза тапты

Қызылорда облысындағы Жосалы кентінде газ баллоны жарылып, төрт адам қаза тапты.

«Бүгін Қармақшы ауданы Жосалы кенті Рүстембеков көшесі 29 мекенжайындағы жеке тұрғын үйде сағат 13:30 кезінде 27 литрлік газ баллоны жарылып, 144 ш.м. жер өртке оранды. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тапты: С.Өміртаева (2001ж.), Р.Айтмаханова (1981ж.), Н.Айтмаханова (2000ж.), С.Мырхиев (1999ж.). Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 1950 жылы туған С.Алмаханова хирургия бөлімшесіне жатқызылған», - деп жазды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында.

Өртті сөндіруге ТЖД (16 қызметкер және 4 бірлік техника), ӨКМ (20 қызметкер және 4 бірлік техника), ЖАО (10 қызметкер және 3 бірлік техника), прокуратура (3 қызметкер, 1 бірлік техника), БСМК (8 қызметкер және 3 бірлік техника), КРЭК (3 қызметкер және 1 бірлік техника) жұмылдырылды.

«Қайтыс болған азаматтардың туған-туыстарына Сыр елі жұртшылығы атынан қайғыра көңіл айтамын. Бұл бәрімізге де жеңіл тимеді. Қазіргі таңда осыған байланысты мәселе менің тікелей бақылауымда тұр. Өрттен, судан, басқа да апаттан аман болайықшы, жерлестер», - деп жазды Гүлшара Әбдіқалықова.