Шиеліде бір үйдің екі баласы суға кетті

Қызылорда облысы Шиелі ауданында 2 жасөспірім көлдегі суға батып көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 18 наурызда сағат 12:45 шамасында болған. Сол уақытта Шиелі аудандық полиция бөліміне хабар келіп түскен. Аудандық жедел жәрдем бөлімі мамандары телефон арқылы оқиға барысы жөнінде хабарлаған. Хабарламада Шиелі кенті Н.Бекежанов көшесінде тұратын 2 жасөспірім баланың көлдегі суға батып қайтыс болғаны туралы айтылған.

«Аталған хабарлама бойынша жедел-тергеу тобы оқиға орнына барып тексеру жүргізді. Зерттеу барысында 2013 жылғы ұл бала мен 2015 жылғы туылған қыз баланың үйіне 5-8 метр жерде орналасқан Сүйіндік қөлінің үстіндегі мұзда ойнап жүріп, суға батып қайтыс болғаны анықталды. Жергілікті уақытпен 12 сағат 55 минутта тұрғындар судан мәйітті (киіммен) шығарды. Қайғы жамылған отбасына аудан әкімдігі тарапынан материалдық көмек көрсетілетін болады», - деп мәлім етті Шиелі аудандық әкімдігінен.