Ақтауда жүк көлігін тастап қашқан жүргізуші іздестірілуде

Ақтауда жолдың жиегіне жүк көлігін тастап кеткен жүргізуші екінші тәулік іздестіріліп жатыр.

Ең сорақысы, ол қораптағы топырақты асфальтқа төгіп кеткен. 18 наурыз күні көліктік бақылау инспекциясы қала сыртындағы трассада «МАЗ» маркалы машинаны тоқтатады. Таразыда өлшеу кезінде жүк көлігінің 40,5 тонна топырақ әкеле жатқаны белгілі болады.

«Бұл санаттағы көліктің жүк көтеру қауқары 25 тонна. Оны тізгіндеген ер адам заңды талаптарға бағынбай, басқа көлікке мініп қашып кетті», - дейді инспекторлар. Қазіргі уақытта күдіктінің мекен-жайы мен жүк көлігі тиесілі мекеме анықталып жатыр. 

Мұхит Аманқосов, аймақтық көлік инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- «МАЗ» автокөлігінің иесі келіп, жүргізушіні салып алып кеткен. Осы бойынша жергілікті органдарға, учаскелік инспекторларға хабарланды. Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодексінің 571-бабының 6-бөлімі бойынша хаттама толтырылады. Қазіргі таңда бұл автокөліктің иесі анықталып, инспекция қызметкерлерімен алдыртамыз. Автокөлік айып салу тұрағына қамалады.