Шымбұлақта жасөспірімді соққыға жыққан күдікті ұсталды

Наурыз мейрамы күні Алматыдағы Шымбұлақ шатқалынан шу шыққан болатын. 14 жастағы Темірлан Әлекеевті әлдекімдердің соққыға жыққаны туралы ақпарат тарап, бұл мәселе әлеуметтік желіде қоғамның наразылығын тудырған еді. Қазір осы оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатыр. Темірланды соққыға жыққан күдікті ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сөйтіп, Шымбұлақтағы шу неден шыққан? Санитарлық талаптарды сақтамаған кімдер? 

Бұл 14 жастағы алматылық Темірлан Әлекеев. Наурыз мерекесін Шымбұлақта өткізгісі келген. Бірақ дәл осындай жағдайға тап боларын әрине білген жоқ. Дәрігерлердің тексерісінен кейін алған жарақатының ауыр екені анықталды. Миы шайқалған, бір көзі ауыр соққыдан кейін мүлде ашылмай қалған. Жәбірленушінің әпкесі Кәмиланың әлеуметтік желіге жазған мәліметі бойынша оқиға 22 наурыз күні түнгі 23:30 шамасында болған. Темірлан дәмханаға шәй алуға барғанда сол жерде  ішімдік ішіп алған ер азаматтар оны қолынан тартып биге шақырады. Жас бала бұл ұсыныстан бас тартқан уақытта Аян Мәдиев деген азамат оны соққының астына алады. 

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Патрульдік полиция мен жедел тергеу тобы 102 нөміріне қоңырау шалу бойынша керсетілген нысанға келгенін хабарлайды. «Жасөспірімді ұрып соқты» деген күдікпен 82 жылы туылған Мәдиев азамат ұсталды. Ол ҚР қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алған жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында жасөспірімге сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар саунада демалған адамдардың карантиндік нормаларды бұзу фактісі бойынша ҚР әкімшілік кодекісінң 425-бабына сәйкес әкімшілік материал толтырылып, арнайы құзырлы органға жіберілді. 

Жәбірленушінің туыстары полиция шақырған кезде Аян Мадиев сол жердегі саунаға жасырынған. Ал ресторан директоры Сергей Спицын есімді азамат қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың атын жамылып, Темірланның туыстарына қоқан-лоққы көрсеткен. 

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов бұл мәселе жөнінде әзірге ешқандай жауап берген жоқ.

Ал оның көмекшісі Индира Андированың айтуынша, Ерлан Тоқтарханұлы ресторан директорымен таныс емес.

Индира Андирова, әкім орынбасары көмекшісі:

- Жалпы Алматы қаласында дәл қазір қауіпті індет өршіп тұр. Сол себепті карантин талаптары күшейтілген болатын. Ал Шымбұлаққа тек арнайы құтқару көліктеріне ғана кіруге рұқсат. Ал мына түсірілімдерге қарасақ кілең жеңіл көліктер. Сонда «Шымбұлаққа шамасы келгендер ғана шыға ма» деген ой туады.

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон