Петропавлда тұрғын үйдің бірінші қабатынан өрт шықты

Петропавл қаласында тұрғын үйдің бірінші қабатынан тағы да өрт шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы жатақхана астындағы қонақ үй кешені отқа оранды. Оқиға орнына келген құтқарушылар ең алдымен адамдарды шұғыл түрде далаға көшіріп, ғимарат ішінен 50 литрлік газ баллонын алып шығарды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Тұрғындар үйлеріне оралды.

Данияр Әлімкин, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Өрт 15 шаршы метр аумақты шарпыған. Болжам бойынша, тілсіз жау қонақ үйдің саунасындағы бөлмеден шыққан. Оның нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.

Естеріңізге салайық, осыдан бір ай бұрын қалада дәл осындай жатақхананың астындағы дәмханада газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапқан болатын. Қазір онда әлі де қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындар түгел тұрып жатқан жоқ. Ал төтенше жағдайдан кейін тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы тамақтану орындары жаппай тексеріс басталды.