Таразда тәнін саудалаған әйелдер ұсталды

Шығыс Қазақстанда көлік дөңгелегіне есірткі жасырған ер адам ұсталды. Полицейлер Жарма ауданы Қалбатау кенті маңындағы трассада «Volvo» маркалы жеңіл көлікті тоқтатады. Тіну кезінде салонда табылған екі автошина ішінен жалпы салмағы 20 келіге жуықтайтын 19 бума табылған. Ішін ашып қараған сәтте «кептірілген марихуана» болып шықты. Күдікті танысының доңғалақтарды Өскеменге жеткізіп беруін өтінгенін айтып отыр. Қазіргі уақытта құқыққорғаушылар заңсыз есірткі тасымалына қатысы бар азаматтардың жеке басын анықтап жатыр.

Әйгерім Нұрғазина, өңірлік ПД баспасөз хатшысы:

- Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдау арнасының жолын кесу бойынша арнайы іс-шара өткізді. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынып, ҚР қылмыстық Кодексінің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Яғни күдікті 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ал тараздық полицейлер емдеу-сауықтыру кешенінде тәнін сатқан 5 әйелді қолға түсірді. Жезөкшелер притонын ұйымдастырған 48 жастағы әкімші келіншек те қамауға алынды. Енді олар заң алдында жауап береді. Айта кетейік, Жамбыл өңірінде «Стоп-трафик» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Алғашқы күннің өзінде 12 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Қарағандыда жанып жатқан пәтерден әйел адам құтқарылды. Қазір ол түтіннен улану диагнозымен ауруханада жатыр. Жалын Осевая көшесіндегі тұрғын үйдің 4-қабатынан шыққан. Дереу жеткен құтқарушылар автосаты көмегімен тағы бес адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгірді. Тілсіз жау 35 минутта өшірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Ақтауда жолда көлігімен жаяу жүргіншіні қағып, қашып кеткен күдікті ұсталды. Жол көлік оқиғасы 29а шағын аудандағы қиылыста болды. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, дәмхана алдындағы трассада «Лада-21095» маркалы машинамен адам қағу дерегі тіркелген. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Дене жарақатын алған қала тұрғыны ауруханаға жеткізілген.

Ақтауда 9-шағын ауданда орналасқан сауда орталығын полицейлер қоршауға алды. Тәртіп сақшыларының шұғыл әрекет етуіне ғимарат ішінде жарылғыш зат салынған зат жатқаны айтылған телефон қоңырауы себеп болды. Абырой болғанда, бұл дерек расталмады. Хабарламаны берген әйел адамның жеке басы анықталды. Мас күйде елді дүрліктірген ол, ерсі қылығы үшін күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.