Алматыда 19 жастағы қызды айуандықпен өлтірген күдікті ұсталды

Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділованы айуандықпен өлтірді деген күдікті қазір ауруханада жатыр. Полиция пәтер есігін бұзып кіргенде ол өзіне қол жұмсамақ болған.

Күдікті бұрын сотталмаған. «Оның айтуынша, қызды өлтіруге екеуінің арасындағы жанжал себеп болған», - деп хабарлады полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Абдрахманов.

Жедел топ оны 21 наурызда сағат түнгі онда Нұркент шағын ауданындағы пәтерден ұстаған. 28 жастағы күдікті Түркістан облысының тумасы болып шықты. Еске сала кетейік, Аяжан Еділова 19 наурызда хабарсыз кеткен. Оның жоғалып кеткені туралы ақпарат 20 наурызда келіп түскен.

Полицияның айтуынша, бойжеткен жігітпен әлеуметтік желіде танысып, кездесуге барған. Жантүршігерлік қылмыс 19-ынан 20 наурызға қараған түні болған. Қыздың денесі бөлшектелген күйде табылды. Күдікті оның бір бөлігін үйінен тыс жерге апарып, қоқыс жәшігіне тастап үлгерген. Бұл әрекетін қылмыстың ізін жасыруға тырысқанымен түсіндірді. Қазір осы қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.  

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Полиция қызметкерлері үйге ене салысымен бұл жігіт өзіне қол жұмсағысы келді. Бірақ іс-әрекеті орын тапқан жоқ. Дене жарақаттарын келтіріп үлгірді. Медицина қызметкерлері оны құтқарды. Номері 7 ауруханаға жеткізіліп оған ота жүргізіліп, арнайы жасақты қызметі оны бүгінгі күнге дейін күзетуде. Соттың санкциясымен қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Яғни бұл сезікті медициналық мекемеден шыға салысымен тергеу изоляторына жөнелтіледі.