430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Лисаковск қаласында көп қабатты үйде жарылыс болды

  • 72
  • UPD: 12:38, 29.03.2021

Қостанай облысының Лисаковск қаласында көп қабатты үйлердің бірінде газ жарылып, соңы өртке ұласты. Құтқарушылардың айтуынша, пәтер ішінде газ пешінің үстіндегі пісіп жатқан ас қараусыз қалған. Соның салдарынан өрт шықты. Жарылыстың күшті болғаны соншалық екі пәтердің арасындағы қабырға бұзылды. Жарылыс болған сәтте үйде 27 жастағы азамат болған. Ал көршілес пәтерде үш ересек адам мен тоғыз айлық нәресте болыпты. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар пәтерді газ беру жүйесінен ажыратқан. Зардап шеккендер жоқ. 

Семейде бес қабатты үйден өрт шығып, 60 адам құтқарылды. Олардың 20-сы бала. Қызыл жалын үйдің соңғы қабатында тұтанған. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар тұншығып қала жаздады. Өрт сөндірушілер келген сәтте жиһаз бен жекелеген заттар жанып кеткен. Түтіннен уланған 75 жастағы әйел ауруханаға жатқызылды. Ал 83 жастағы жолдасы дін аман. Өртті сөндіруге 17 маман жұмылдырылды. Оқыс жағдайдың себебі анықталып жатыр.

Лифт ішінде темекі шеккен павлодарлық жауапкершілікке тартылды. Оның темекі тартқан сәті бейнебақылау камерасына түсіп, әлеуметтік желілерге тарап кеткен. Полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзған азаматты тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. 

Қарағанды облысында жеңіл көлік автобуспен соқтығысты. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмып, екі адам зардап шекті. Машинаны тізгіндеген 34 жастағы азамат алдын ала болжам бойынша көлігін басқара алмай, жол қозғалысының қарсы бетіне шығып кеткен. Соқтығыс кезінде автобус ішінде 30 жолаушы болған. Ешкім зардап шеккен жоқ. Дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Өскемен қаласында көп қабатты үй тұрғындары жарықсыз қалды. Себебі траснформаторлық жәшіктің ішінен ер адамның мәйіті табылды. Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған. Қазір көз жұмған адамның аты-жөні анықталып жатыр. Бірқатар сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Хабар 24 телеарнасы