Таразда зауыттың бос тұрған ғимараты өртенді

Таразда тұрмыстық қоқыстың жануы ғимараттың басым бөлігін жалынның шарпуына әкеп соқтырды, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Тараз қаласындағы «Тараз Металлург зауыты» ЖШС-нің 4 қабатты бос тұрған ғимаратында өрт болды. Онда жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын тұрмыстық қоқыс пен ішкі ағаш қаптамасы жанған. Өрт үш сағаттан аса уақытта толығымен сөндірілді. Өрт сөндірушілер ғимараттың 500 шаршы метрін сақтап қалды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталуда.

Оқиға орнында облыстық ТЖД 56 қызметкері мен 12 бірлік техникасы жұмыс істеді.

«Өртті болдырмау және адамдардың қаза болуы мен жарақат алуына жол бермеу мақсатында тұрғындар мен облыс қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаулары қажеттігін ескертеміз», - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.