Қарағандыда құны 24 млрд теңге болатын есірткі тəркіленді

Қарағандылық жедел уәкілдер құны 24 млрд теңге болатын есірткі затын тəркіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы операция барысында синтетикалық есірткіні дайындап, кейін сататын төрт зертхана анықталды. Оның екеуі Қарағанды облысында. Біреуі Ақмола аймағында, тағы бірі Павлодар қаласында. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы наурызда Ақмола облысында ұсталды. Ол осы өңірден үй сатып алып, оның ішін есірткі заттарын жасайтын құрал-жабдықтармен толтырып, кейін жасалған есірткіні басқа да өңірлерге сатпақ болған. Ұсталған азаматтан үш килограммнан астам дайын «мефедрон» есірткі заты табылды. 35 литр сұйық «мефедрон» да осында. Сондай-ақ шамамен 50 килограмм прекурсорлар алынды. Сарапшылардың айтуынша, бұл есірткі заттары бүтін бір елді мекенді улауға жеткілікті көрінеді.