Алматы облысында бес көлік соғылып, үш адам қаза тапты

Алматы маңында жол апаттынан үш адам мерт болып, тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Жол апаты 5 сәуірде түнде Алматы облысының Өтеген батыр ауылына кіре берісте болды. Жылдамдықты тым асырған RX300 жүргізушісі белгісіз себеппен қарсы бағытқа шығып кетіп, «Volkswagen Golf» көлігін соқты. «Lexus» онымен тоқтамай, қарсы бағыттағы жолда келе жатқан «Pontiac Vibe» көлігін соғып өтіп, жылдамдығы басылмаған күйі Audi 100 көлігін қоса соқты. Қатты соққыдан Audi аударылып қалды. Одан кейін «Lexus» тағы «Hyundai Accent» көлігін соғып, аударылған», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Апат салдарынан үш адам қаза тапты. «Audi» көлігінде отырған жүргізуші мен мен оның жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Кейінірек ауруханада «Hyundai» жүргізушісі де жан тапсырды. Ал «Lexus» жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі дене жарақаттармен Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысында оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталады.