Шымкентте көлік жылқыны соққан: үш адам қаза тапты

Түркістан облысында Toyota Camry 50 көлігі жылқыны соғып, жантүршігерлік жол апаты болды.

Облыстық полиция департаменті бір отбасыдан үш адам қаза тапқанын мәлім етті, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Полиция мәліметіне сүйенсек, жол апаты 3 сәуірде сағат 20:30 шамасында Самара – Шымкент тасжолында болған. Шымкент тұрғыны Toyota Camry 50 маркалы автокөлігімен Түркістаннан келе жатқан. Бір сәтте жолдың сол жағынан жүгіріп шыққан жылқыға соғылған.

«Оқиға орнында үш адам қаза тапты: күйеуі мен әйелі және олардың кәмелетке толмаған немересі. Көлік жүргізушісі, қаза тапқан ерлі-зайыптының күйеу баласы түрлі дене жарақатымен Шымкент қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі өкілдері.

Дерек ҚР ҚК 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркелді.

Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.