СҚО-да еліктер қырылды

Солтүстік Қазақстан облысында еліктер қырылып жатыр. Биыл өңірде қар тиісті мөлшерден бірнеше есе көп түсті. Соның салдарынан жабайы жануарларға тебіндік болмай, олар аштан өліп жатыр.

Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде осыған байланысты түрлі бейнежазбалар тарап кетті. Маңына адам жуытпайтын еліктер жол бойына шығып кеткен. Тіпті кейбірі төрт аяқтыларды қолдан тамақтандырып жатыр. Алайда орман шаруашылығы инспекциясының мамандары еліктер азықтың жоқтығынан қырылып жатыр деген пікірмен келіспейді. Жалпы өткен жылғы санақ бойынша облыста 18 мыңнан астам елік бар.  

Олег Баспалов, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аймақтық инспекциясының бөлім басшысы:

- Бұл жануарлардың қырылып жатқаны рас. Бірақ жаппай өліп жатыр дегенмен келіспеймін. Жас еліктер азық іздеп жол бойына бара бастайды. Салдарынан көлік астында қалып, қаңғыбас иттердің құрбанына айналып жатыр. Соңғы айда осындай 10 шақты факті тіркелді.