Атырауда баланы ұрған балабақша тәрбиешісі сотта кінәсін толық мойындаған

Атырауда балаға қатігездік танытқан тәрбиешіге сот жаза кесті.

Балабақша қызметкері сотта кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші тарап пен прокурор айыптыны бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот бұл ұсынысты қанағаттандырып, тәрбиешіні 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Бұл бейнежазба былтыр желтоқсан айында әлеуметтік желіге тарап, жұрттың наразылығын тудырған еді. Алайда бұл оқиға 2019 жылдың желтоқсан айында болған. Бейнежазбада тәрбиеші баланы басынан ұрып, құлағынан тартып, қатігездік танытқаны анық көрінеді. Кешегі соттың үкімімен енді балабақша қызметкері 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда тәрбиешінің адвокаты бұл үкіммен келіспейді.

Гүлсім Сабырова, адвокат:

– 4 жыл бас бостандығынан айырылды. Оның асырауындағы кішкентай баласының бар екенін, ол баланың әкесі жоқ екенін және Измагамбетова сот мәжілісінде өзінің кінәсін толықтай мойындағанын, бірнеше рет шын жүрегімен кешірім сұрағанын, бұрын сотталмағанын, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын сот есептемеді.

«Алтын балық» балабақшасында болған бұл жағдайға қоғамдық резонанс тудырғаны рас. Тұрғындар соттың үкімі өзге тәрбиешілерге сабақ болды дейді.

Азамат Табылды, қала тұрғыны:

- Балалар бір-бірін соқса, жақсы, түсінеміз. Тәрбиешілер балаларды соқты деген ыңғайсыз жағдай. Бірінші рет емес, бірнеше рет болып тұр. Осыдан кейін балаларымызды жібереміз бе, жібермейміз бе, екі ойда отырмыз, бұдан кейін қалай жібереміз?

Динара Багитова, қала тұрғыны:

– Шынын айту керек, сол жағдайдан кейін қорқып қалдық. Бұл біздің тек білетініміз ғана, ал білмейтініміз қаншама. Сол себепті білмеймін, балаларды үйде ұстап отырамыз ба, әлде бұған тосқауыл болу керек. Менің ойымша, тәрбиешінің сотталғаны дұрыс. Басқа тәрбиешілерге сабақ болатын болды.

Бұл мұнайлы өңірде болған алғашқы жағдай емес. Осыдан 2 күн бұрын әлеуметтік желіге тағы бір бейнежазба тарады. Онда да балабақша қызметкері кішкентай қыз баланы басынан ұрып, шашынан сүйреген. Оқиға Жылыой ауданы Жаңа Қаратон кентіндегі балабақшада болған. Қазір тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев