Ақтөбе облысындағы жарылыс болған үйде газ конденсаты сақталған 

Ақтөбе облысының Ақжар ауылындағы жер үйде болған жарылыстың себебі анықталып жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша оқыс оқиғаға баспана ішінде сақталған газ конденсаты түрткі болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, сұйықтық бес литрлік пластик ыдыста болған. Оны үй иесі тұрмыста қолдануды ұйғарыпты. Ал жарылыс салдарынан зардап шеккен жеті тұрғынның бірі қазір ауруханадан шығарылып, оған амбулаториялық ем тағайындалған. Қалғандарының жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Денесін күйік шалғандардың бесеуі жан сақтау бөлімінде жатса, енді бірі хирургия бөлімшесінде. Кейбірі облыс орталығында емін жалғастыруы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақтөбе облысының Хромтау ауданына қарасты Ақжар ауылындағы жер үйде жарылыс болып, 7 адам зардап шекті. Оқиға салдарынан баспананың кіреберісі опырылып түскен.

Аслан Арзымбетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бас маманы:

– Үйге келіп тұрған газ жұмыс жасап тұр. Ол зақымданбаған. Яғни, оның нәтижесінде ештеңе болмаған. Бес литрлік конденсаттың нәтижесінде жарылыс болған. Қазіргі кезде біз материалды ішкі істер органына, яғни полиция бөліміне жолдадық. Олар әрі қарай тергеу амалдарын жүргізетін болады. Лабораториялық экспертиза бар, соны жұмылдырамыз. Ол он күнде өзінің қортындысын береді.